Call-center
    +7 771 005 22 22
    sales@alageum.com

    公司新闻

    星期四, 26 11月 2015 09:31

    «Орал трансформатор зауыты» ЖШС өнім көлемін молайтып, ынтымақтастық аясын кеңейте түспек

    «Орал трансформатор зауыты» ЖШС өнім көлемін молайтып, ынтымақтастық аясын кеңейте түспек

    «Орал трансформатор зауыты» ЖШС өнім түрлері мен көлемін көбейте отырып, Еуразиялық экономикалық одақ аясында ынтымақтастықты барынша нығайта түспек. Бұл туралы «Alageum Electric» холдингтік компаниясының Қазақстанның батыс өңіріндегі және Ресей Федерациясындағы әріптестері, тұтынушыларымен кездесуінде айтылды.

    Қазақстандағы электрлік машина жасау саласында көшбасшы болып табылатын аталмыш компания өткен жылдың желтоқсанында «Орал трансформатор зауытын» іске қосқан болатын. Оның өнімдері негізінен ресейлік нарыққа бағытталған. Жылына 14 мың дана трансформатор шығаруды көздейтін өндіріс орны толық қуатына көшкенде, 650 жұмыс орны ашылмақ.

    Зауыттың атқарушы директоры Асқар Ажаевтың сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде кәсіпорында 150-дей адам еңбек етеді. Бір жыл ішінде зауытқа 1200-ден астам трансформатор түрлеріне тапсырыс түссе, соның 92 пайызы экспортқа тиесілі деуге болады.
    Мәскеу, Екатеринбург, Саратов қалаларында дилерлері бар кәсіпорын Ресейдің «Ростнефть» секілді ірі мұнай компанияларымен өнім өткізуге келіскен. Сондай-ақ Қазақстандағы «Теңізшевройл», «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.», «Арселор Миттал», «ҚазМұнайГаз» ҰК» сынды компаниялармен байланыс жасап, тапсырыстар алуда.

    Кәсіпорынмен танысқан меймандардың бірі, «Қазан электротехникалық жабдықтары зауыты» ЖШҚ атқарушы директоры Болат Әлібековтің айтуынша, «Орал трансформатор зауытының» Ресеймен шекаралас өңірде ашылуы олар үшін де тиімді. Бұрын олар трансформаторды Кентаудан алып келсе, енді оралдық өнімді апарып, өздерінде шығарылатын қосалқы стансаларға орната алады. Шын мәнісінде трансформатор қосалқы стансалардың жүрегі іспеттес. Бұл жол шығынын қысқартады әрі «Alageum Electric» компаниясы сапалы өнім ұсынып отыр. Ресей нарығында 12 жыл бойы жұмыс жасап, өз өнімдерін негізінен Еділ бойына жөнелтетін қазандық кәсіпорын алдағы жылы «Орал трансформатор зауытымен» дилерлік келісім жасап, өнімді тұрақты алмақ.

    Кентау трансформатор зауытымен үш жылдан бері қарым-қатынас жасайтын Саратов қаласындағы «Эврика МК» компаниясы директорының орынбасары Андрей Чечеткин мәлім еткеніндей, бастапқыда жылына олар 10 млн. рубльдің өнімін алса, қазір 70 млн. рубльге жеткен. Енді жарты жылдан бері «Эврика МК» компаниясы «Орал трансформатор зауытының» өнімін алуда, бұл екі жаққа да тиімді.

    Кездесуге қатысушылар ірі мұнайгаз өндіру компаниялармен байланыс мәселесін де ұмыт қалдырған жоқ. «БҚО машина жасаушылары консорциумы» қауымдастығының жетекшісі Көшербай Айтғожаұлының атап өткеніндей, қазіргі кезде жергілікті компаниялар шетелдік инвесторларға қатаң талап қойылмайтын өнімдерді ғана өткізеді. Еліміз 1 желтоқсаннан бастап ДСҰ-ға қосылған кезде қазақстандық үлес те жойылады. Дегенмен шетелдік компаниялар мердігер ұйымдармен келісім-шарт жасаған кезде жергілікті кәсіпорындарды тартуға міндеттілігі жөнінде ұйғарымға қол жеткізілді. Сондықтан қазіргі кезде жергілікті кадрларды оқыту, өндірісті жаңғырту, халықаралық талаптарды енгізу бағытында үлкен даярлық жұмыстары жүргізілуде.

    «Alageum Electric» холдингтік компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы Сәйдулла Қожабаевтың сөзінше, қазіргі күрделі экономикалық жағдай Қазақстан мен Ресейде трансформатор шығару аясын тарылтпай қойған жоқ. Бұл кедергіні жою үшін холдинг қазіргі заманғы технологияларды енгізіп, жаңа жабдықтарды пайдалануда. Ең бастысы, өнім сапасын үнемі көтеру қажеттігін есте ұстайды. Таяуда холдингке машина жасаушылар консорциумына кіру жөнінде облыс әкімдігінен ұсыныс түскен. Бұл мәселе талқылану үстінде. Мұның тиімділігі, жергілікті кәсіпорындар жаңа тапсырыстар алар еді. Мұнда, мысалы, корпустық бөлшектерді даярлауға болады. Бұл өнімнің өзіндік құнын азайтады. Холдинг Батыс Қазақстан өңіріне осыдан төрт жыл бұрын келді. Осы кезеңде жаңа зауыт ашылып, өнім өндіру жолға қойылды, жаңа жұмыс орындары ашылды. Компания әлеуметтік жауапкершілікті де ұмытып отырған жоқ. Бұдан екі жыл бұрын Оралға жедел жәрдем көлігі тарту етілсе, бұл жолы «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ-ға жаңа трансформатор сыйға берілді.

    Айта кетейік, бес айдағы жұмыс қорытындысы бойынша «Орал трансформатор зауыты» ЖШС 368-ден астам трансформаторды шығарса, соның 311-і немесе 92 пайызы Ресейге жөнелтілді. Зауыт 2016-2017 жылдары жылына 10 мың данаға дейін трансформатор шығарып, соның 90 пайыздан астамын Ресейге экспорттауды жоспарлауда. Бұл жоба құны 35 млн. АҚШ долларын құрайды.

    Поделиться новостью
    Read 6479 times

    反馈意见

    +7 (7172) 276 452 (-53,-54,-55)
    © 2005 - 2024 АО «Alageum Electric». 保留所有权利. | 创建网站开发网络工作室«Arctika»