Единый Call-centre отдела продаж:
+7 771 005 22 22
sales@alageum.com

Новости нашей компании

Четверг, 17 мая 2018 08:31

Батысқазақстандық жастар жұмысшы мамандығын жатсынбайды

Батысқазақстандық жастар жұмысшы мамандығын жатсынбайды

Eлбасымыз жастарға жұмысшы мамандықтарды игеру, ерінбей еңбек ету, шеберліктің шыңына жете білу туралы айтқан болатын. Мемлекет басшысының бұл сөзін қолдайтынын сөзбен ғана емес, іспен дәлелдеп жүрген батысқазақстандық жастар аз емес, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.
Солардың қатарында Шыңғырлау аудынының тумасы Саят Қоңырбаев та бар. Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің 1-курсында оқып жатқан оның техникаға деген әуестігі бала кезден қалыптасқан.

«Мен екі жыл алты ай ішінде бір емес, үш бірдей мамандықтың иесі атанамын, яғни электрмонтер, трансформатор жинаушы және техник боламын. Мұның өзі ертең, оқу бітірген соң жұмыссыз қалмайтыныма сенім ұялатады. Бізге білікті мамандар сабақ береді. Мәселен, кураторымыз Айдана Серікқызы Малайзияға барып, білімін шыңдап келді. Сол себепті ол кісінің дәрісі біз үшін қызықты», — дейді ол.

400-ден астам жас он шақты кәсіп түрін меңгеріп жатқан бұл оқу орны - Ақ Жайық өңірінде машина жасау бойынша оқытатын бірден-бір колледж. Мұнда теорияны өндіріспен ұштастыра оқытатын дуалды оқыту жүйесі жолға қойылған. Нақтылап айтқанда, студенттер алатын білімінің 60 пайызы өндірістік оқытумен байланысты. Бұл студент үшін де, колледж үшін де тиімді. Мысалы, соңғы жылдары бұл оқу орны «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-мен тығыз байланыста жұмыс жасауда. Екі жақтың келісіміне сәйкес мұндағы цехтарда өндіріс шеберлері мен студенттер трансформаторға арналған бөлшектер дайындайды. Оралдық трансформаторлардың алыс шетелге экспортталатынын ескерсек, оларға қойылатын талаптың да қатаң екенін болжауға болады. Дегенмен олар сенімнен шығып жүр. Тек өткен жылдың өзінде осы тапсырыс арқылы колледж бюджетіне 2 миллион теңгеге жуық кіріс кірген. Осынау қаражат есебінен колледждегі үздік оқытушылар мен студенттер «ЭКСПО - 2017» көрмесіне барып келді. Сондай-ақ құрал-жабдықтар жаңғыртылып, қажет оқулықтар мен әдістемелік құралдар алынды. Айта кетейік, коллеждің жиырма шақты түлегі бүгінгі таңда Орал трансформатор зауытында еңбек етіп жүр.

Жыл сайын жұмысшы мамандықты игеріп жатқан жастар арасында өтетін «WorldSkills Kazakhstan» сайысының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанып жүрген аталмыш колледж студенттері республиалық чемпионаттарда да өңір намысын абыроймен қорғап жүр.

«Жастар - еліміздің ертеңі. Олардың білім алуына, тұлға болып қалыптасуына, жасампаз еңбекке араласуына, сөйтіп өздерінің жарқын болашағын құруға мемлекет тарапынан қажет іс-шаралар алынуда. Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға арналған тұжырымдамасында жастар жаңа Қазақстанның, яғни дамыған, бәсекеге қабілетті және әлемдегі сыйлы елді қалыптастыруды белсенді жалғастырушы екендігі де жазылған. Соған байланысты біз тек техникалық бағытта білім беріп қоймай, жастардың патриот болуына, экономикалық, әлеуметтік, инновациялық және шығармашылық әлеуеттерін дамытуға да мән береміз», — дейді Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің директоры Әли Масалимов.

Поделиться новостью
Просмотров: 4061

Контакты

+7 (771) 005 22 22
© 2005 - 2024 АО «Alageum Electric». Все права защищены. | Разработка сайта веб-студия «Arctika»