Alageum Electric Директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов «Әділет» партиясы Іскерлік кеңесінің тең төрағалары құрамына кірді.
Іскерлік кеңес Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамыту және іскерлік ортаны жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу үшін бизнес өкілдері мен салалық сарапшыларды біріктіреді.
Іскерлік кеңес аясындағы жұмыс барысында Еркебұлан Ильясов отандық өндірісті дамытуға, жергіліктендіру деңгейін арттыруға және қазақстандық кәсіпорындардың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге баса назар аударады.
Басым бағыттардың қатарында ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттар тәжірибесін кеңейту, ірі жобалардағы елішілік құндылық үлесін арттыру және экспорттық қаржыландыру құралдарын дамыту бар. Сонымен қатар отандық өндірушілердің мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларына қолжетімділігін кеңейтуге ерекше назар аударылады.
«Біздің міндетіміз – отандық өндірістің өсуіне жағдай жасау. Ол үшін қазақстандық қамту талаптары мен елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларының сақталуын бақылауды күшейтіп, оларды орындамағаны үшін жауапкершілікті арттыру қажет. Бұл қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өндірісті одан әрі жергіліктендіруге мүмкіндік береді», – деді Еркебұлан Ильясов.
Негізгі бағыттардың бірі орта өндірістік бизнесті дамыту болмақ. «Әділет» партиясының бағдарламасында оның экономикадағы үлесін 7%-дан 20%-ға дейін арттыру және 1 млн сапалы жұмыс орнын құру мақсаты қойылған. Осы мақсатқа жету үшін өндірістік кәсіпорындардың өсуін қолдау, автоматтандыру мен цифрландыруды дамыту, сондай-ақ білікті техникалық мамандар даярлау ұсынылады.
