Мемлекет басшысы 2017 жылғы маусымда «Қазақстан Республикасының өңірлерінде бизнесті жүргізудің жеңілдігі жөніндегі рейтингті әзірлеу және енгізу» туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Жыл қорытындысында бұл рейтингте Батыс Қазақстан облысының әкімдігі 6-орынға табан тіреді.
Сауалнама нәтижесі Батыс Қазақстан облысы еліміз бойынша шағын және орта кәсіпорындарға (ШОК) уақытында, заң бұзбай мемлекеттік қызметтік көрсету үлесі бойынша – 1-орында; мемлекеттік қолдау алған жобалардың саны (гранттар, кепілдемелер, несиелер, субсидиялар, инфрақұрылым шығындары) 1000 ШОК-ке шаққанда – 2-орында; ШОК-та жұмыспен қамтылудың өсу қарқыны бойынша – 2 орын; бизнесті дамытуға арналған мамандандырылған алаңдар (технопарктер, бизнес-инкубаторлар, инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары) бойынша – 2 орын; кәсіпкерлік қызметке қол сұғудан қорғау мәселелерінде 2-орында тұрғандығын көрсеткен.
Өңірді өрге сүйреген қос «өгіз»
Батыс Қазақстан облысы өнеркәсібі негізгі екі саладан: шикізат өндіру және өңдеу саласынан тұрады. Рас, кен өнеркәсібінің үлесі 88,8%-ды құрап отыр. 2017 жылы облыстағы өнеркәсіп ұйымдары 1,9 трлн теңгенің өнімін өндірген екен. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға жоғары. Ал өңдеуші кәсіпорындардың экспорт көлемі 2017 жылдың қорытындысында 182,2 млн АҚШ долларына жеткен. Яғни 2016 жылмен салыстырғанда өңдеу саласында да 20,8% жоғарылау бар. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өңдеуші кәсіпорындарда жұмыс істейтін адам саны 2017 жылдың 9 айында 18,5 мың болған, бұл 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 22,7%-ға көп.
Сараптап қарасақ, өңдеу өнеркәсібінің негізін тағам өндірісі (28,8%), машина жасау саласы (21,0%) және мұнай өңдеу (18,4%) құрапты. Тек машина жасау саласы кәсіпорындары былтыр 33,3 млрд теңгенің өнімін шығарған. – Ал мұнай өңдеу саласындағы өсім негізінен «Конденсат» АҚ базасында бензин шығару есебінен қамтамасыз етілді, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Арман Жалмағамбетов. Мұнда 2017 жылдың сәуір айында ашық мұнай өнімдерін барынша мол алуға мүмкіндік беретін вакуумды мұнай айдау секциясы іске қосылған болатын. Бұған қоса мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 600-ден 850 мың тоннаға дейін ұлғайтуға жол ашатын жоба жұмыстары аяқталды. Бүгінде мұнда дизель отынын гидротазалау секциясы құрылысы жүруде. Тұтас алғанда, кәсіпорын жоғарыдағы жобаларды жүзеге асыру үшін 51 млрд теңге (155 млн доллар) көлемінде инвестиция салмақ.
Металлургия саласында 14,7 млрд теңгенің өнімі өндірілді, ол 2016 жылға қарағанда 12,3%-ға көп. Өсім «КазТрубпром» ЖШС базасында сорғы-компрессорлық құбырлар өндірісін ұлғайту және «Орал құю-механикалық зауыты» ӨК базасында шойын құю көлемін арттыру арқылы қамтамасыз етілген. Облыста өңдеуші кәсіпорындар өндірісті жаңғырту бойынша барлық қажетті шараны қолға алуда. Мысалы, «Alageum Electric» компаниялар тобы құрамына кіретін «Орал трансформатор зауыты» 2016 жылы түрік инвесторларымен бірлесіп, «URAL ELECTRIC» ЖШС-ін құрған еді. Мұнда швейцариялық «АВВ» компаниясының технологиясы бойынша электр-техникалық жабдықтар орнатылды. 2017 жылдың алғашқы тоқсанында зауыт жалпы құны 500 млн теңге болатын электр қалқандарын өндірді. «Зениттехсервис» ЖШС келешекте ыстықтай мырыштау цехын ашып, онда ұзындығы 10 метрден асатын бұйымдарды мырыштау жұмысын ұйымдастырмақ. «НИИ «Гидроприбор» АҚ суасты өлшеулерін жүргізетін ғылыми-зерттеу кемелерін құрастыру, суасты телевизиялық кешендерін (су астындағы құбырларды тексеру үшін) жобалау мүмкіндігін қарастыруда.
2018 жылы – 10 жоба
Индустрияландыру картасы аясында II бесжылдықта Батыс Қазақстан облысында жалпы құны 84,4 млрд теңгені құрайтын 29 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл нысандарда 1340 тұрақты жұмыс орны құрылған. 2015-2016 жылдары жалпы құны 73,1 млрд теңгеге 12 инвестициялық жоба іске қосылып, 1800 жұмыс орны ашылған еді. 2017 жылы сомасы 8 млрд теңгеге 10 жоба іске қосылды, 782 адам жұмыс тапты. – 2018 жылы 10 жобаны іске асыру жоспарланған. Қазіргі таңда жалпы құны 3,3 млрд теңге болатын 6 жоба Индустрияландыру картасына енгізілген. Шамамен жаңадан 200 жұмыс орны ашылады, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы А.Жалмағамбетов. Таратып айтар болсақ, «Кублей» ЖШС мал шаруашылығы қалдықтарын өңдеу цехы құрылысын жүргізуде. «Агран» ЖШС-нің сэндвич-панельдер шығаратын зауыт құрылысы да бұйырса биыл ашылады. «Топан» ЖШС жүргізіп жатқан химиялық өндіріс базасының құрылысы, «134» ЖШС-нің кірпіш зауыты құрылысы, «Global Procurement» ЖШС-нің бетон араластыру цехы, «Хасанов» ЖК-нің кондитерлік өнімдер шығаратын жаңартылған цехы алдағы күндері іске қосылып, өңір экономикасының дамуына үлес қосады.
Ауыл кәсіпкерлері белсенді
Өткен жылдың қорытындысында облыста 48 мыңнан аса шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген екен. «Олардың 37 мыңы қазіргі таңда жұмыс істеп тұр. Шағын кәсіпкерлік саласында шамамен 111 мыңға жуық адам еңбек етеді. 2017 жылы ШКС кәсіпорындары 52,3 млрд теңге салық төледі» дейді А.Жалмағамбетов. Мемлекет басшысы «шағын кәсіпкерлік саласындағы кәсіпорындарының ІЖӨ айналымындағы үлесі 2050 жылға дейін 50%-ға жетуі тиіс» деген тапсырма қойған еді. 2016 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш облыста 41,9%-ға жетіпті. Яғни Батыс Қазақстан облысы республика бойынша көш басында тұр. Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға, қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама жетеді.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қолға алынғалы бері өңірде жалпы құны 99,1 млрд теңгені құрайтын 831 жоба мемлекеттік қолдауға ие болған. Жалпы құны 2,7 млрд теңге болатын 57 жоба жетіспей тұрған инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Бұл өз кезегінде 28,2 мың жұмыс орнын сақтауға және жаңадан 5 мыңнан аса жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген. – Соңғы екі жылда ауыл кәсіпкерлерінің бағдарламаға қызығушылығы айрықша артты. Ауылдық жерлерден жалпы құны 36 млрд теңгені құрайтын 328 жоба мақұлданды. Кәсіпкерлерге мемлекет қолдауы да жыл сайын артып келеді. 2016 жылы бағдарламаға қатысушылар өздеріне берілген субсидияның 1 теңгесінен 6 теңге салық төлеген болса, 2017 жылы ол көрсеткіш 3,6 теңге болды – дейді А.Жалмағамбетов. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде «Уральская торгово-промышленная компания» ЖШС қорғаныш қабаты бар пластик құбыр өндіруге қажетті қосымша құрал-жабдықтар сатып алды. «Орал Кабель» ЖШС электр кабелін өндіруге қажетті құрал-жабдықтарға қол жеткізді. Ал «Стекло-Сервис»ЖШС шыныны өнеркәсіптік өңдеу бойынша өндірістік кешенді ұлғайту және қайта жаңғыртудың екінші кезеңін бастады.
Осының бәрі мемлекет қолдауымен жасалып жатыр. 2015-2017 жылдары өңірде 45 кәсіпкер жалпы сомасы 76 млн теңгені құрайтын инновациялық гранттарға ие болған. 2017 жылы 19 кәсіпкер 47 млн теңге грант алды. Осының ішінде 13 жоба ауылда жүзеге асады. 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында биыл Ақжайық өңіріне 300,3 млн теңге бөлінбек. Несиелер екінші деңгейлі банктерден 6 пайызбен беріледі. – Біздің басқарма – 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын және 2015-2019 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыратын уәкілетті орган. Сондықтан қолынан іс келетін жандарға мемлекет көмегін көрсетуге әзірміз, – дейді
Арман Жалмағамбетов. Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы