Қазақстандық электротехникалық Alageum Electric компаниясы экономиканы цифрландыру мен инновацияларды дамытуға арналған Digital Qazaqstan форумының платиналық серіктесі болады.
Бұл мәртебе компанияның Қазақстанның өнеркәсіптік және энергетикалық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды рөлін көрсетеді. Компания цифрлық экономиканың дамуына қажетті, сенімді электрмен жабдықтау жүйесін қалыптастыруға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді.
Оның құрамына 30-дан астам ірі кәсіпорын мен зауыттар кіреді. Alageum Electric электр энергетикасы, машина жасау және құрылыс салаларында «толық цикл» қағидаты бойынша қызмет көрсетеді. Компания жобалау, жабдықтарды өндіру, сервистік қызмет көрсету, іске қосу-реттеу жұмыстары мен EPC-контрактілерді жүзеге асыруды қамтитын кешенді шешімдер ұсынып отыр.
Сонымен қатар компания энергетика саласындағы заманауи технологиялық шешімдерді белсенді дамытып келеді. Өндірілетін электротехникалық жабдықтарға инновациялық әзірлемелер енгізіліп, энергия үнемдейтін трансформаторлар, цифрлық қосалқы станциялар және трансформаторлардың жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін мониторинг жүйелері әзірленуде. Компания өнімдері халықаралық сапа стандарттарына сай және ішкі нарықпен қатар ТМД елдері мен алыс шетел нарықтарына экспортталады.
«Бүгінде деректерді өңдеу орталықтары, суперкомпьютерлер мен жасанды интеллект сияқты цифрлық технологиялардың дамуы сенімді электрмен жабдықтау жүйесіне тәуелді. Alageum Electric отандық өндіруші ретінде осы инфрақұрылымды дамытуға үлес қосып, цифрлық экономика нысандарына арналған заманауи трансформаторлар, цифрлық қосалқы станциялар және басқа да тиімді шешімдерді әзірлеп, өндіруде», – деді Alageum Electric директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов.
Айта кетейік, Digital Qazaqstan форумы биыл 27 наурызда Шымкент қаласында өтеді. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдерінің және технологиялық қауымдастықтың 2000-нан астам өкілі қатысады деп күтілуде. Форум цифрлық трансформация мен Қазақстандағы инновациялық экономиканы дамыту бағыттарын талқылайтын маңызды алаңға айналмақ.

