Елімізде болашақ экономикасы үшін маман даярлаудың жаңа кезеңі басталды. Салалық форум аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Alageum Electric және «Ғылым және білім эндаумент-қоры» Корпоративтік нысаналы капитал қоры стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Келісімнің негізгі өзегі – AI-Sana бағдарламасы. Ол теорияға емес, практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған. Яғни, студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жасанды интеллект технологияларын өндірісте және ғылыми қызметте қолдана алатын деңгейде даярлау көзделеді.
AI-Sana бағдарламасы аясындағы бастама университеттермен индустрия арасындағы байланысты күшейтеді. Оқу бағдарламаларына заманауи AI шешімдері енгізіліп, білім беру үдерісі барынша тәжірибеге бағытталады. Бұл өз кезегінде цифрлық экономика талаптарына бірден бейімделе алатын мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
Меморандумға қол қою – еліміздегі ғылым мен білім саласын жаңғыртуға бағытталған кең ауқымды саясаттың бір бөлігі. Бұған дейін Мемлекет басшысы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегі ғылыми қауымдастықпен кездесуде университеттік ортаны дамыту мен жасанды интеллектіні енгізу технологиялық серпілістің негізгі шарты екенін атап өткен болатын.
Бастаманың басты ерекшелігі – мемлекет, бизнес және білім беру саласының нақты серіктестігі. Alageum Electric компаниясы ғылым мен білімге жүйелі түрде инвестиция салып келеді: соңғы жылдары зерттеулер мен ағартушылық жобаларды қолдауға қомақты қаражат бағытталды.
Осы жұмыстың заңды жалғасы ретінде «Ғылым және білім» эндаумент-қоры құрылды. Қазіргі таңда қор білім беру және ғылыми бастамалардың қаржылық тірегіне айналып келеді. Қор арқылы жас ғалымдар, студенттер, инженерлік жобалар мен университеттік экожүйелер қолдау табуда.
Мұндай ынтымақтастық форматы білім, ғылым және өндіріс салаларының өзара байланысын күшейтіп, елдің тұрақты технологиялық дамуын қамтамасыз етуге және білімге негізделген экономикаға көшуіне мүмкіндік береді.

