Біріңғай Call-center:
    +7 771 005 22 22
    sales@alageum.com

    Біздің Компанияның жаңалықтары

    Сенбі, 31 Мамыр 2025 12:36

    Энергетика және ТКШ саласындағы Ұлттық жоба: басымдық – қазақстандық өндірушілерге

    Энергетика және ТКШ саласындағы Ұлттық жоба: басымдық – қазақстандық өндірушілерге

    «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» Ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында Шымкент қаласында мемлекеттік органдар, салалық компаниялар мен отандық өндірушілердің қатысуымен республикалық конференция өтті. Іс-шараны «Қазақстан электромашина жасаушыларының қауымдастығы» ЗТБ ұйымдастырды. Конференцияның мақсаты – энергетикалық инфрақұрылымның тозуын шешу және алдағы уақытта тұрақты дамуға жағдай жасау.

    Конференция алаңы ретінде «Alageum Electric» қазақстандық компаниялар тобына кіретін, Орталық Азиядағы ең ірі трансформаторлар мен шунттаушы реакторлар өндірушісі – «Asia Trafo» зауыты таңдалды. Бұл холдинг 27 жылдан бері банкрот болған зауыттарды қайта жандандырып, жаңа өндірістер салып, заманауи технологияларды енгізіп келеді.

    «Қазақстандық кәсіпорындардың әлеуеті өте жоғары. Тәжірибе көрсеткендей, отандық жабдық еліміздің климаттық жағдайына және инфрақұрылым сапасына төзімді келеді. Тағы бір маңызды фактор – кепілдік және техникалық қызмет көрсету. Қазіргі таңда бұл міндеттемелерді шетелдік жеткізушілер орындамайды, ал отандық кәсіпорындар толық қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, бұл жаңа жұмыс орындарын ашу, бюджетке салық түсімдерін арттыру, инвестициялық тартымдылықты күшейту сияқты әлеуметтік маңызы бар бағыттармен тікелей байланысты», – деді ҚР Электромашина жасаушылары қауымдастығының басқарушы директоры Ғалым Булатов.

    Отандық өндірушілер шетелдік жабдық жиі істен шығатындықтан, қазірдің өзінде олардың жөндеуін өз мойнына алып отырғанын атап өтті. Бұл өз өндірісімізді қолдаудың қажеттігін айқын көрсетеді.

    «Энергоүнемді трансформаторларды сатып алу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Бүгінде жаһандық тренд – энергоэффективтілік, және Қазақстан бұл үрдістен қалыс қалмауы керек», – деді «Asia Trafo» зауытының техникалық директоры Дәуірбек Атеев.

    ҚР Индустрия және құрылыс министрлігінің өкілі Айдын Рахымжанның айтуынша, үкімет отандық өндірістерді жүктеу және жаңа кәсіпорындар ашу бағытында белсенді жұмыс жүргізуде.

    «Бұл жай ғана экономикалық мәселе емес – бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Сенімді инфрақұрылым қазақстандықтардың үйлеріне жылу мен жарық жеткізеді», – деп түсіндірді министрлік өкілі.

    Жоба іске асыру механизмдеріне арналған сессияда «ҚР ТКШ жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Макка Шингазиева Ұлттық жоба ұзақмерзімді перспективаға бағытталғанын атап өтті:

    «Бұл кезең-кезеңімен іске асатын жоба. Алғашқы бес жыл туралы айтып отырмыз, әрі қарай нәтиже мен аймақтардың қажеттілігіне қарай жалғасады».

    «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры Әлия Мурзагалиева ұлттық жобаны қаржыландырудың негізгі тетіктері – СЕМ-нің жеке қаражаты, бюджет несиелері, МИО немесе ӘКК тарапынан СЕМ жарғылық капиталына салым, халықаралық қаржы ұйымдары мен ҚР қаржы институттарынан займдар тарту, МИО облигацияларын шығару және оларды Қаржы операторы арқылы сатып алу екенін хабарлады. Оның айтуынша, жаңғыртудың әсері елдің экономикалық және инвестициялық тартымдылығына оң ықпал етеді.

    Сонымен қатар, отандық кәсіпорындар жобаларды жоспарлау процесіне толыққанды қатыспай отырғанына алаңдаушылық білдірді. «Karlskrona LC AB» компаниясының өкілі Талғат Алпысбаев шетелдік тәжірибемен салыстырды:

    «Шетелде біз 30-40 жылдық жобаларды талқылаймыз, жобалау үш жылға созылады. Ұзақ мерзімді жоспарлау – сапаның кепілі. Ал бізде бәрі соңғы сәтте шешіледі, бұл үлкен қауіп тудырады».

    Іс-шараға «Alageum Electric», Өскемен конденсатор зауыты, Nero Group, Karlskrona LC AB сияқты отандық кәсіпорындар қатысты. Министрлік мәліметінше, кең ауқымды жаңғырту 2029 жылға дейін жалғасады. Нәтижесінде негізгі инфрақұрылым тозуы айтарлықтай төмендейді. Шымкенттегі конференция тек пікір алмасу алаңы емес, сонымен қатар Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі отандық өнеркәсіптің рөлін қайта қарауға бағытталған маңызды қадам болды.

    Поделиться новостью
    Просмотров: 12

    Кері байланыс

    +7 (771) 005 22 22
    © 2005 - 2025 АО «Alageum Electric». Барлық құқықтар қорғалған. | Сайт жасау Веб-студия «Arctika»