2025 жылғы 6 мамырда «Тассай» индустриялық аймағына жұмыс сапары аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Аскар Сақтағанұлы Бияхметов «Asia Trafo» ЖШС зауытына келді.
Сапар барысында вице-министрге кәсіпорынның толық өндірістік циклі таныстырылып, құрылған жұмыс орындары, еңбек жағдайлары және әлеуметтік кепілдіктер туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар дуальды оқыту жүйесін енгізу, жастар практикасы бағдарламасына қатысу және білікті кадрлар даярлау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен баяндалды.
Зауыт басшылығы өңірдегі колледждер мен жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық орнатылғанын атап өтті. Бұл білім беру жүйесі мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, жас мамандарды кәсіпорынға тартуға мүмкіндік береді.
Аталған сапар елдегі әлеуметтік саясатты жүзеге асыру мен өндіріс саласы арасындағы тиімді өзара іс-қимылды дамыту жолындағы маңызды қадам болды.