Астанада өткен «Әділет» партиясының II Съезі аясында Alageum Electric компаниялар тобының негізін қалаушы Сайдолла Қожабаев сөз сөйледі. Өз баяндамасында ол мемлекет, бизнес және қоғамның күш-жігерін әділдік, жасампаз еңбек және ел болашағына жауапкершілік сияқты ортақ құндылықтар төңірегінде біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
Әділдік, патриотизм, заңдылық, адал еңбек, жауапкершілік және тең мүмкіндіктер қағидаттарына негізделген «Әділет» партиясы бүгінде азаматтарды Әділетті Қазақстан құру идеясы төңірегіне топтастырып отыр. Бұл құндылықтар тұрақты экономикалық дамуға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдай жасауға мүдделі бизнес қауымдастық тарапынан да қолдау табуда.
Съезд қатысушылары алдында сөйлеген сөзінде Сайдолла Қожабаев Мемлекет басшысы жүргізіп отырған реформалар еңбекті қоғамдық әл-ауқаттың негізі ретінде бағалайтын, әрбір азаматтың өз әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік беретін әділетті әрі бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
«Әділетті қоғам – еңбегі бағаланатын, бизнес үшін тең жағдай жасалатын, азаматтардың құқықтары қорғалатын және адамдардың болашаққа сенімі бар қоғам. Дәл осы құндылықтар төңірегінде мемлекет, бизнес және қоғам күш-жігерін біріктіруі қажет», – деді Сайдолла Қожабаев.
Ол сондай-ақ Alageum Electric компаниялар тобы көптеген жылдар бойы әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын ұстанып келе жатқанын және адами капиталды дамытуға, ғылымды, білім беруді және отандық өнеркәсіпті қолдауға бағытталған бастамаларды жүзеге асырып отырғанын айтты.
Сөз барысында компанияның еліміздің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған жобалары таныстырылды. Атап айтқанда, бастапқы капиталы 2 млрд теңгені құрайтын «Ғылым және білім» эндаумент-қоры құрылған. Қордың қызметі ғылыми зерттеулерді, білім беру бағдарламаларын қолдауға және болашақ экономикасы үшін жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған.
Сонымен қатар Алатау қаласында жүзеге асырылуы жоспарланған инвестициялық жобаларға ерекше назар аударылды. Сайдолла Қожабаевтың айтуынша, компания жалпы инвестиция көлемі 100 млрд теңгеден асатын ауқымды бастамаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруда. Бұл жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, заманауи технологияларды енгізуге және отандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етеді.
Кәсіпкерліктің елдің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізудегі рөлі де ерекше аталып өтті. Сайдолла Қожабаевтың пікірінше, бизнес өкілдері тек жұмыс орындарын құрып, экономикалық өсімді қамтамасыз етіп қана қоймай, әлеуметтік мәселелерді шешуге, білім беру мен ғылымды, жастарды қолдауға да белсенді қатысуы тиіс.
Сөзінің соңында ол кәсіпкерлер қауымдастығын әділдік, патриотизм, жасампаздық, адал еңбек және Қазақстанның болашағына жауапкершілік сияқты ортақ құндылықтар төңірегінде бірігуге шақырды.

