Нұр-Сұлтан қаласында Тәуелсіздік күнінің қарсаңында дәстүрлі түрде Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаз-лауреаттарын және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының дипломанттарын, сондай-ақ «ALTYN OIMAQ», «Бизнес Кемелділік», «ІСКЕР», «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
«Алтын Сапа» сыйлығын «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. Палата мамандары тәуелсіз сарапшылармен бірге екі жүзге жуық үміткер арасынан үш санатта (шағын, орта және ірі бизнес) және 4 номинацияда 14 лауреатты анықтады.
Төртінші «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясында «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ (Алматы қаласы), «Орал трансформатор зауыты» ЖШС (Батыс Қазақстан облысы), «AZAM-KC» ЖШС (Ақмола облысы) жеңімпаз атанды. Компания басшыларына сыйлықты Премьер-Министр Асқар Мамин табыстады.
АҚ Басқарма Төрағасы Олжас Есіркеповтың айтуынша, Орал трансформатор зауытында өндіріс бес жыл бұрын бастау алған.
«Орал трансформатор зауыты 2014 жылы Индустрияландыру күні іске қосылған болатын, бүгінгі таңда зауыт табыспен жұмыс жасауда және үлгілі кәсіпорын болып табылады. Шығарылатын өнімнің 96%-ы ТМД елдеріне экспортталады. 2019 жылы 10 мың трансформатор экспортталды. Зауытта еуропалық брендтердің соңғы буын жабдықтары орнатылған. Болашақта өндірісті 30%-ға ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», — деді өз сөзінде Олжас Есіркепов.